Главная \ ЖАҢАЛЫҚТАР \ «ӨНЕР АЛДЫ – БІРЛІК, ЫРЫС АЛДЫ – ТІРЛІК»

ЖАҢАЛЫҚТАР

« Назад

«ӨНЕР АЛДЫ – БІРЛІК, ЫРЫС АЛДЫ – ТІРЛІК» 01.01.2019 16:06

Желтоқсан айында «ӨзенМұнайСервис» ЖШ Серіктестігінің ұйымдастыруымен «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» атты филолог, абайтанушы Омар Жәлелұлының авторлық семинар-тренингі өткізілді. Ұйымдағы ынтымақты нығайту, әріптестер арасындағы сыйластық пен құрметті арттыру мақсатында жасалған шараға «ӨзенМұнайСервис» ЖШС мамандарымен қатар қала тұрғындары да шақырылды.

Семинар-тренингте спикер ұлт арасындағы бөліну туралы «Бөліп алда, билей бер» саясаты жайында тарихи зерттеулерден мысал келтіре отырып, салдары жайында айтты. Сонымен қатар, «Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай атамыздың қанатты сөзімен ұлтымыздың өресін өсіруде ең қажетті бірліктің бағасын ашық түсіндірді. Спикер Абай атамыздың «Қазақтар «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді, бірақ бірлік қалай болатынын білмейді. Олар ат – ортақ, ас – ортақ, киім – ортақ, дәулет – ортақ дейді, егер ат – ортақ болса, киім – ортақ болса онда байлықтан не пайда? Кедейліктен не зиян? Онда ағайын құрмай мал тауып не керек? Қазірге дейін көпшілігінің ойында ағамның малы бар, мені өлтірмейді деген түсінік бар. Бірлік малға сатылмасын, егер бірлік малға сатылса онда антұрғандықтың басы осы болмақ. Бірлік малға сатылса адам өз ырзығын Алладан сұрамайды, ағайыннан сұрап, жақындарын жаулай бастайды дейді. Бірлігін сатып, құдайын ұмытады» деген терең мағыналы мысалын талдап сөз етті. Отырыста барша қазақ баласын ауызбіршілікке шақыра отырып, ұлт рухын көтеру жолында үлкен істер жасау қажет және оны әрбір қазақ азаматы мен азаматшасы өзінің жеке міндеті ретінде адал атқаруы тиіс екендігін тілге тиек етті.

Жиында отбасындағы береке, жастар тәрбиесі жайында да кеңінен айтылды. «Жас бала шыбық секілді, сәл майыстырсаң сынып кетеді. Бірақ сол жас шыбықтың бойына қандай тәрбие берсең де тез сіңгіш келеді. Жақсы не жаман? Ол ата-ананың еркінде. Қазіргі қазақ қоғамында ертеден қалыптасқан «Білімді бойыңа сіңір емес, сабағыңды жақсы оқы, жақсы оқысаң, жақсы қызметке орналасасың, жақсы қызметке орналассаң жақсы ақша аласың» деген тәрбиенің қалпы бар. Бұл өте қате қалып. Қазіргі таңда балалар тегін грант үшін, ҰБТ-дан көп ұпай жинау үшін сабақ оқиды. Білім алмайды, білімді бойына сіңірмейді. Осындай тәрбиенің салдарынан сапаға емес, санға қызығатын ұрпақ өсіп келе жатыр. «Тегін грант үшін түстім, бұл менің таңдауым емес» деп қанша қазақ баласы жалындаған жастық шағын 4-5 жыл студенттік кезеңін босқа өткізуде. Бұдан қандай нәтиже көреміз, не үміт күтеміз?» Сондықтан балаларымызға адал ас ішуді, таза еңбек етуді үйрету үшін алдымен білім берудегі қателіктерімізге мән берейік, «фундаменті» кіршіксіз қаланған баланың болашағы зор болмақ»-, деп абайтанушы отбасындағы тәрбие жайын да тоқталып өтті.

Тренингте сөз қуаты мен адамның ойлау жүйесі жайы да сөз етілді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, ойлау мен сөйлеудің салмағының ерекше екендігін ұлтымыздың ұстанымдары және ғылыми зерттеулер арқылы да тарқатып айтып берді. Қазақтың бірауыз сөзге тоқтап, бітімге келу қасиетін осы сөз құдіретінің өтімділігімен түсіндірді.

Жүзге жуық тыңдаушы қатысқан басқосуда семинарға қатысушылар тарапынан авторға бірқатар сұрақтар қойылып, жауаптарын тыңдады. Шара соңы абайтанушы Омар Жәлелұлынан қолтаңба алып, естелік суретке түсумен аяқталды.


БІЗДІҢ СЕРІКТЕСТЕР
"ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы
"ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" акционерлік қоғамы
"ӨзенМұнайГаз" акционерлік қоғамы
"KMG EP - Catering" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның еншілес ұйымы
ЭЛЕКТРОНДЫҚ САТЫП АЛУ ПОРТАЛЫ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ
АҚПАРАТТЫҚ-ТАЛДАМАЛЫҚ ПОРТАЛ Сатып алулар туралы ақпаратты орналастыруға арналған
Тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамасы