Шараға қала әкімі Жансейіт Қайнарбаев, «Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Жанболат Саймағанбетов қатысты.
Орталық мамандарының нәтижелі еңбегін паш ету мақсатында көпшілік алдында 13 баланың тілашары өткізіліп, 2 қыздың тұсауы кесілді. Әр түрлі жастағы балалар сахнада өнер көрсетіп, тақпақ айтып, ән шырқады.
Сал ауруы диагнозы қойылған Хадиша Кенжебай орталықта 5 рет ем алып, 3 жасында аяққа тұрған. Балапанның тұсауын «Өзенмұнайсервис» ЖШС директоры Дамир Шырақбаев кесті.
Ал 5 жастағы Ақнұр Тәжібай орталық ашылған күннен бастап ем қабылдап келеді, оның тұсауын қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Ісенбай Қалдаманов кесті.
Мереке барысында Жаңаөзен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүзбай Күмісбаев балаларға ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар орталық мамандарының еңбегі жоғары бағаланып, қала әкімі мен компания басшылығы Алғыс хат пен гүл шоғын табыстады. «Самұрық-Қазына» қоры құны 2,5 млн теңге болатын заманауи логопедия кешенін тарту етті.
«Балақай» оңалту орталығы 1-16 жас аралығындағы неврологиялық сырқаты бар балаларға кешенді ем-дом жүргізеді.
Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтылған орталықта білікті мамандар жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Жыл сайын 500-600 бала ем алып, 5 жыл ішінде 60 бала өздігінен жүріп, 25 баланың тілі шығып, алғашқы сөздерін айта бастады. Бұл мамандардың тәжірибесі мен тынымсыз еңбегінің нақты нәтижесі.
Ең бастысы осы игі істің артында қарапайым мұнайшылардың қолдауы тұр. «Өзенмұнайгаз» қызметкерлері ай сайын жалақыларынан ерікті түрде қаражат аударып, орталықтың тұрақты жұмыс істеуіне зор үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да «Балақай» ерекше балаларға көмек қолын созып, олардың өмірге бейімделіп кетуіне жол аша бермек.