"ӨзенМұнайСервис" ЖШ серіктестігінің негізі қаланғанына 50 жыл толуына орай бірқатар мамандарға құрмет көрсетіліп, марапатқа ие болды.
Серіктестіктің бас ғимаратында өткен салтанатты шара шымылдығы әнұран айтумен басталды. Сонан соң серіктестіктің бас директоры Қанағат Нұрымұлы бастаған мекеме басшылығы мамандарды мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар, қызметте жақсы нәтиже көрсетіп, экономикалық бағытта өркендеуіне және жалпы мұнай-газ ісінің дамуына атсалысып жүрген көптеген мамандарға зор алғыстарын жеткізді. Кемі 10 жылдан астам уақыт компанияның қанат жаюына атсалысқан әрбір қызметкердің еңбегі бағалы екендігін айта келе, оларға алғыс хат пен мерейтойлық төсбелгі табыс етті. Олардың қатарында 30 жылдан астам уақыт салада қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі еңбек адамдары да бар. Алғысқа бөленгендерге арнайы сыйлықтар тарту етіліп, гүл шоқтары берілді. Мерейтой қарсаңында серіктестіктің көптеген мамандарына алғыс хаттар беріліп, мерейтойлық төсбелгілер табысталды.