"ӨзенМұнайСервис" ЖШ серіктестігі "1 қазан - Қарттар күні" мерекесіне орай еңбек ардагерлерінің құрметіне ақ дастархан жайып, басқосу ұйымдастырды.
«ӨзенМұнайСервис» компаниясында 2017 жылы ардагерлерді ардақтау мақсатында арнайы бағдарлама жасақталған болатын. Аталмыш бағдарлама шеңберінде қарияларға ілтипат көрсетіп, жыл сайын серіктестіктің барлық зейнеткерлеріне салтанатты жиын ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан.
Әлемдік деңгейде орын алған пандемияға және карантиндік шектеулерге байланысты 2020 жылы аталмыш шара өткізілмеген болатын. Биыл осы дәстүрді жалғау мақсатында серіктестік арнайы мерекелік жиын жасады.
Шараның құрметті қонақтары ретінде компаниямыздың өркендеу жолында зор үлес қосқан ардақты еңбек ардагерлері шақырылды.
Мерекелік басқосуда компания басшылығы серіктестік зейнеткерлеріне саланың даму жолында жасаған еңбегі үшін алғыс білдіріп, сый-сияпат табыстады. Арнайы концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Өнерпаздар қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шара кезінде ұжымдастар атынан еңбек ардагерлеріне Гүлшат Қожанепесова ән шашу сыйлады.
Өз кезегінде серіктестік зейнеткерлері жас балаша қуанысып, ұжымға ризашылықтарын жеткізді.