
29 тамыз күні «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнай-газ саласының қызметкерлерінің төл мерекесін жоғары деңгейде атап өтті. Мұнайшылар қауымы үшін ерекше маңызға ие мерекенің құрметіне ақ дастархан жайып, еңбек ардагерлері мен серіктестіктің барша мамандарының басын қосты.
Қазақстан мұнайының 120 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада мерекелік концерт қойылып, бірқатар ардагерлер мен қызметте үлгілі атанып жүрген мамандарды атаулы медаль, құрмет грамотасы және алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекелік жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның атынан мұнайсервистік жобалар бойынша басқарушы директор А.К.Шаненова арнайы келіп, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС ұжымын атаулы күнмен құттықтады.
Шара барысында М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының белгілі өнерпаздары ән айтып, күй тартып, биші қыздар мың бұрала билеп көпшіліктің ықыласына бөленді. Мерекеге орай жиналған көпшілік ақжарма тілектерімен ақтарылып, ардагерлер ақ батасын берді.
Жиын кезінде «Қазақстан мұнайына 120 жыл» атты төсбелгі мен екі жүзден астам еңбек ардагерлері мен қызметкерлер марапатталса, 250-ге жуық қызметкерге «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның 55 жылдық мерейтойлық медалі табыс етілді. Сондай-ақ кәсіби мереке шеңберінде бірқатар қызметкерлер «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның және «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-ның атынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды.
#Қазақстан #Маңғыстау #Ақтау #Жаңаөзен #Қазмұнайгаз #Өзенмұнайгаз #Өзенмұнайсервис #Мұнайшы #Мұнай #KMGEP #Казмунайгаз #Озенмунайгаз #Озенмунайсервис #Нефть #Казакстан #Мангистау