2020 жылы Жаңаөзенде ашылған "Балақай" оңалту орталығы бүгін де қала бойынша тіркеуде тұрған 1000-нан астам баланың игілігіне орай сәтті жұмысын жалғастыруда.
Мамандардың сапалы қызметінің арқасында осыған дейін балалардың денсаулығында жақсы өзгерістер орын алып, үлкен нәтижелер байқалып жүр.
Бүгін орталықта Рахметулла Абылай есімді бүлдіршіннің тұсау кесер рәсімі өткізілді. Рәсімді өткізу мәртебесі "ӨзенМұнайСервис" ЖШС бас директоры Қанағат Нұрымұлына бұйырып, балапанның үлкен өмірге деген алғашқы тұсауы кесілді. Өз кезегінде серіктестік директоры балдырғанға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жарқын болашақ тілейтінін жеткізді.
Салтанатты шараға "Балақай" оңалту орталығының директоры Фатима Кенганова, "ӨзенМұнайГаз" АҚ Жұртшылықпен байланыс департаментінің басшысы Әділ Сүйебай және "ӨзенМұнайСервис" компаниясының бірқатар мамандары қатысып, қуанышқа ортақтасып, жүрекжарды лебіздерін арнады.
Абылайға бастапқыда "атоника-астатикалық түрдегі ДЦП" диагнозы қойылған. Білікті мамандардың сілтеуімен сапалы ем-жаттығулар тағайындалып, 2 ай ішінде өте жақсы нәтижеге қол жеткізген. Сонымен қатар, Абылайдың әкесі - Мұхаммед Нұрлан, "ӨзенМұнайСервис" ЖШС-де бұрғылаушы болып жұмыс істейді. Сәбиінің кезекті белесін көрген ата-ана, әжесі шын қуанып, осыған себепкер болған орталық мамандарына зор алғысын айтты. Қуанышқа ортақтасқан қонақтарға ризашылығын жолдады.
Бұған дейін орталықта бірнеше балапанның тұсау кесер рәсімі өткізілген.