«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның (ӨМГ) жаңа технологиялар енгізіліп жатқан өндірістік нысандарында болды. Сонымен қатар Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игеру тиімділігін арттыру мақсатында жаңа технологияларды одан әрі қолдану мәселелеріне арналған жиналыс өткізді. Бұдан бөлек, ҚМГ басшысы Сараптама және өндірістік шешімдер орталығының жұмысымен танысты.
▪️Мұнай өндіру деңгейін арттырудың негізгі әдісі ретінде қабатты гидравликалық жару (ҚГЖ) болып қала береді. Бұл әдіс жыл сайын 400 ұңғымада қолданылып, нәтижесінде жылына 500 мың тоннадан астам мұнай қамтамасыз етіледі. Компания халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, бұл технологияны жетілдіріп келеді. 2025 жылы ӨМГ-де көбік-азотты ҚГЖ және синтетикалық сұйықтық негізіндегі ҚГЖ сәтті жүргізіліп, биыл олардың өнеркәсіпке кеңінен енгізілуі басталды.
▪️Өзен және Карамандыбас сияқты ескі кен орындарының басты міндеті – өндіру көлемінің төмендеу қарқынын тежеу және сулану деңгейін азайту. Ол үшін ӨМГ-де полимерлік технологиялар кешені іске асырылуда.
▪️Атап айтқанда, полимерді айдау арқылы қабылдау профилін теңестіру технологиясы оңтайландырылды. Жер қабатының қасиеті мен пайдаланылатын химиялық реагенттердің сипаттамасы ескеріліп, өңдеу параметрлері әр ұңғыма үшін жеке таңдалады. Бұл тәсіл жұмыс шығынын екі есеге оңтайландыруға мүмкіндік берді. Қабылдау профилін теңестіру технологиясының жылдық тиімділігі – шамамен 200 мың тонна мұнай.
Сонымен қатар мұнай беру көрсеткішін арттыруға және сулану деңгейін азайтуға бағытталған полимерлі су айдау әдісінің тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іс-шаралардың нәтижесі сәтті болған жағдайда, бұл технология мұнай қоры едәуір азайған учаскелерде кеңінен қолданылады.
⬇️ Көлбеу ұңғымаларды бұрғылау – перспективті бағыттардың бірі. Технология ұңғыманың жер қабатымен жанасу аймағын ұлғайтуға және қосымша қор көлемін игеруге тартуға мүмкіндік береді. Оны жүзеге асыру үшін төрт ұңғыма таңдалды.
⚙️Бос тұрған ұңғымаларды қайта іске қосу үшін бүйірлік оқпандарды бұрғылау жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстарды жүргізуге 15-тен аса ұңғыма таңдалды.
⚙️Басты мақсаттардың бірі – жөндеуаралық жұмыс істеу кезеңін ұлғайту. Электрлі орталықтан тепкіш сорғы қондырғыларымен жабдықталған ұңғымалар саны 500-ге жетті. Жиі жөндеуден өтетін ұңғымаларда сенімділігі жоғары жерасты жабдықтар — қорғаныш жабыны бар сорғы-компрессорлық құбырлар мен штангалар орнатылуда. Электр бұрандалы сорғылардың тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ іс-шаралары басталды.
![]()
![]()