“ӨзенМұнайСервис” ЖШ серіктестігінде жаңа жыл – Әз Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілді. Ақшаңқай ақ үйлер тігіліп, мерекелік дастархан жайылды.
Шараға компания мамандары, сала ардагерлері мен арнайы қонақтар шақырылды. М. Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары салтанатты жиынның көркін қыздырып, ән мен жыр айтып, би билеп өнер көрсетті.
Шара барысында серіктестіктің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген елеулі еңбек иелері марапатталып, сый-құрметке ие болды.
Ұлан-асыр тойда жас пен кәрі құшақтасып-көрісіп, арқа-жарқа болды. Еңбек ардагерлері келіп, ұжымға ақжарма тілегін жаудырып, ақ батасын берді.
Мерекелік шара кезінде серіктестік бөлімдері қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс көрсетіп, сынға түсті.
Бөлім мамандары актерлық шеберліктерін ортаға салып, дәстүрдің шығу тегін, орындалу тәртібін, маңызын көпке түсіндірді.
Байқаудың бас жүлдесі есепшілер бөліміне бұйырды.
Есепшілер "құда түсу, сырға салу" рәсімінен көрініс көрсетті.
Көрініс көрсетуден еңбекақы төлеу және қызметкерлерді басқару бөлімі жүлделі II орынды иемденді.
Бөлім мамандары "бесікке салу" рәсімін көрсетіп, жөн-жоралғысын өте шебер түсіндірді. Әдемі дәстүрдің дұрыс дәріптелуін сөз етті.
Беташар - ұлтымыздың құнды дәстүрлерінің бірі. Ауыл үлкендері шаңыраққа келген жас келіннің бетін ашып, жаңа жұртқа қосатын болған. Келіннің орамалын ауыстырып, келіншек деп мәртебесін көтерген.
Беташар рәсімінің дәстүрлі жолын әспеттеген, рестро стильде ерекше көрініс көрсеткен қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау бөлімі ІІІ жүлделі орынды иеленді.
Наурыз тойда қызметкерлер арасында тартысты сайыстар мен ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді.
Зейнеткерлеріміз қол күресінен сынға түссе, ер азаматтар жекелей гір тасын көтеру, қошқар көтеру, ләңгі тебу, топтық арқан тарту сайыстарында өз өнерлерін ортаға салды.
Әйелдер арасында садақ тарту және тоғыз құмалақ ұлттық ойындарынан жарыс өтті. Жеңімпаздарға марапат қағаздары мен сый-сияпаттар берілді.