Скважиналарды күрделі жөндеуге 45 жыл толуына орай «ӨзенМұнайCервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен көңілді старт ойыны өткізілді. Отбасы бірлігін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Әке, ана және мен» атты спорттық шарада мекеме қызметкерлерінің отбасылары сынға түсті.
Қызметкерлердің отбасы жеке топ болып өнер көрсеткен спорттық бәсекеде 4 отбасы бақ сынасты. Ойын 5 кезеңнен тұрды.
Бірінші кезеңде әр топ шеңберден өту арқылы шапшақдықтарын танытса, екінші кезеңде баскетбол добын соғу арқылы алаңға кіріп, допты нысанаға бағыттау арқылы мергендік қасиеттерін ортаға салды. Үшінші кезеңде спортшылар футбол ережесіне сәйкес ойын көрсетіп, допты туралап қақпаға салса, төртінші кезеңде допты тепе-теңдікте ұстап отырып, бір аяғымен соғу арқылы ұпай жинады. Ал, байқаудың бесінші кезеңінде топ мүшелері кезегімен қапшықпен секіру арқылы белгіленген межеге жетіп отырды.
Бұл кезеңде спортшылардың тиянақтылығы бағаланды.
Тартысты ойын нәтижесі бойынша «Таңатаровтар» отбасы жеңімпаз атанды. Ал, ІІ орын Қалмұхановтар әулетіне бұйырса, ІІІ орынды Жұбановтар жанұясы иемденді.
Жеңімпаздар 28 қыркүйек күні «Өндірістік базада» скважиналарды күрделі жөндеуге 45 жыл толуына орай өтетін мерекелік шарада диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.