Ардақты мұнайшылар! Құрметті әріптестер!
Баршаңызды келіп жеткен мұнайшылардың кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Биылғы мереке Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Маңғыстау мұнайының 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Тәуелсіздік - тәңірден келген тәтті сый. Бұл қастерлі ұғым астында ата-бабамыздың ерлігі, қайсарлығы, үміті, сенімі жатыр. Бұл біз үшін, келер ұрпақ үшін үлкен мұра. Мәңгі азат ел болуды жазсын.
Жер асты қазыналарымыз, оның ішінде қара алтын мұнайымыз - біздің ырыс-несібеміз секілді. Халықтың әлеуетін арттырып, ел экономикасын қуаттандыруда зор үлесі бар.
Ал, сол қара алтын өндірісін игеруде күні-түні демей, ыстық-суыққа қарамастан тынымсыз еңбек етіп, маңдай терін төгіп жүрген мұнайшылар қауымының орны ерекше. 60 жылдық тарихы бар мұнай өндірісінің қалыптасуы, өркендеп қанат жаюы - кешегі өткен ардагер мұнайшылар қауымының жетістігі. Бұл бізге аманат еді, енді келер ұрпаққа аманаттау - біздердің, яғни, бүгінгі мұнайшылардың міндеті.
Бүгін - төл мерекеміз! Баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз! Еңбектеріңіз жемісті болсын! Бірлікпен биік белестерді бағындыра берейік! Ынтымағымыз артып, ырысымыз еселене берсін! Ел тұтқасы берік болып, еңсеміз биік болсын!
Мемлекетіміздің өркендеу жолында адал еңбегіңізбен атсалысып жүрген әрқайсыңызға үлкен алғыс білдіреміз!
Игі тілекпен, "ӨзенМұнайСервис" ЖШС ұжымы