
2020 жылы әлемді дүр сілкіндіріп, жер жаһанды аяғынан тік тұрғызған COVID-19 індетінен келер қауіп әлі де сейілер емес. Тәж вирусы деп аталған ол бүгін де түрленіп, штаммының саны көбеюде. Әрі таралу жолдары да әр алуан.
Жұғу ошағы - адамдардың көп шоғырланатын жерлері. Ауа арқылы лезде таралады.
Былтырғы науқастар саны мен өлім көрсеткіші - ауруды ауыздықтап, жою немесе көбеюіне жол бермеу мүмкін еместігін көрсетті. Дәрігерлер қарсы тұрып бақса да, кей тұстарында медицина да қауқарсыз екендігіне көзіміз жетті.
Өткен жылғы оқиғалар мен жағдайларды ескерсек, бұл індетпен күресте тек дәрігер мен емханалар ғана емес, барлық адамзат біріккенде ғана тосқауыл қоя алатыны белгілі болды.
Күрестегі ең қарапайым жолдары - оқшауланып, барлық санитарлық талаптарды сақтау, қолымызды антисептикпен залалсыздандырып, көпшілік ортада бетперде тағу болды.
Кейіннен дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының атсалысуымен індетке қарсы түрлі вакциналар шыға бастады. Елімізде бастапқыда ресейлік Спутник V вакцинасы егіле бастаса, бүгін де оның отандық түрі шығарылуда.
Қазіргі таңда халықтың көп бөлігін сақтап қалудың ең тиімді жолы - осы екпе егу болып отыр. Әйтсе де оны насихаттау жағы осалдау болып тұр.
Екпе алу - өз еркіңізде. Десе де дәрігерлердің айтуынша, сақтанудың ең тиімді жолы осы - екпе алу.
Осы ретте "ӨзенМұнайСервис" ЖШС қабырғасында "Нейрон" медициналық орталығының мамандары арнайы келіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Серіктестік қызметкерлерімен кездесу барысында ақ халаттылар екпенің маңыздылығын айтып, егудің қауіпсіз екендігін айтты.
Жиынға терапевт дәрігер А.Джумагазиева, эпидемиолог дәрігерлер О.Джолдыбаева, Т.Ургенчбаева, бөлім меңгерушісі Б.Нурбасинова сынды мамандар қатысты.