ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында "ӨзенМұнайСервис" ЖШ серіктестігінде мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиында еңбекте үздік нәтиже көрсеткен мамандар алғыс хатқа ие болып, бірқатарына мерекелік төсбелгілер тағылды.
"ӨзенМұнайсервис" компаниясы қызметкерлерін серіктестік басшысы Қанағат Мыңтұрғанов арнайы құттықтады. Өз сөзінде комания директоры "Біз осындай тәуелсіз елде өмір сүру бақытына ие болған ұрпақпыз. Қастерлі егемендігіміз оңайлықпен келген жоқ. Азаттықтың жолында жоғалтқанымыз көп. Енді соның есесіне біз және біздің ұрпақтарымыз мәңгі тәуелсіздік бесігінде тербелсін",-деп жүрекжарды тілегін жолдады.
Сонымен қатар мерекелік басқосуда 16-желтоқсан қарсаңында серіктестік қызметкерлері арасында өткізілген спорттық жарыстарда топ жарып, жүлдеге ие болған мамандар мен командаларға сыйақылар беріліп, кубок табыс етілді.
Шарада қаламыздағы "Өнер" мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.