"ӨзенМұнайСервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі "Үздік маман-2017" кәсіби шеберлік конкурсы аясында өз ісінің шеберлерін анықтады. Үміткерлер "Үздік бригада", "Үздік ауысым", "Үздік электрогазбен дәнекерлеуші" "Үздік жүргізуші", "Үздік темір жонушы" аталымдары бойынша сынға түсті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін байқауға серіктестіктен барлығы 4 бригада, 30-ға жуық қызметкер қатысты. Мамандар бірінші жарты жылдықта атқарған еңбек нәтижесі бойынша бағаланды. "Үздік ауысым" аталымы бойынша бақ сынаған үміткерлердің алты айлық жұмысымен қатар арнайы жасақталған тест нәтижелері де есепке алынды.
Байқау талаптарына сәйкес конкурстың «Үздік бригада» аталымына ӨМС 33-бригада, ӨМС 4-бригада және ӨМС 20-бригадалар лайық деп танылды. Бірінші жартыжылдық көрсеткіштері бойынша «Үздік ауысым» номинациясын №4 цехқа қарасты ӨМС 44-бригададағы Н.Бекназаровтың ауысымы, №2 цехқа қарасты ӨМС 19-бригададағы бұрғышы К.Мурзалиевтің ауысымы мен №1 цехқа қарасты ӨМС 35-бригада бұрғышысы Ж.Бекболатовтың бастаған ауысымы жеңімпаз болды.
Жеке қатысушылардан «Үздік электрогазбен дәнекерлеуші» аталымы бойынша Б.Инербаев үздік атанды. Байқаудың төртінші аталымы «Үздік теміржонушы» атағы М.Оңдағановқа берілсе, «Үздік жүргізуші» номинациясын А.Қисықбаев жеңіп алды.
Кәсіби шеберлік конкурсы бойынша үздік деп танылған ауысымдар мен бригадалар, жеке қатысушылар ағымдағы жылдың 25-29 қыркүйек аралығында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компания акционерлік қоғамына еншілес мекемелер арасында өтетін «Үздік маман-2017» байқауында «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің намысын қорғайтын болады. Байқау Ақтау қаласында өтеді. Жеңімпаз атанған қызметкерлер қазіргі таңда қызу дайындық үстінде. «ӨзенМұнайСервис» ЖШС басшылығы атынан конкурсқа жолдама алған үміткерлерге шын жүректен сәттілік тілейміз.