20 желтоқсан күні Жаңаөзендік жас мұнайшылар ақын Сабыр Адаймен кездесу өткізді. "ӨзенМұнайГаз" АҚ-ның ұйымдастыруымен өткен шара "Руxани жаңғыру" бағдарламасымен сабақтастырылды.
Маңғыстаулық марғасқа ақынның жауhар жырлары әспеттелген кеште қаламызға белгілі жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен ақындар бас қосты. Жиында "ӨзенМұнайГаз" АҚ басшылары сөз сөйлеп, ақынның сүйікті оқырмандары тілектерін жаудырды.
Өнерпаздар Сабыр Адайдың сөзіне жазылған әндерді әуелетіп, ізбасар жас ақындар арнау өлеңдерін оқыды.
Кеш барысында ақынға "ӨзенМұнайСервис" ЖШ серіктестігі атынан "Жас Мамандар" Кеңесінің төрағасы Али Усербаев естелік-сыйлық табыс етті.
Отырыс соңында Сабыр ақын шараны өткізуге атсалысқан белсенділер мен сөз қадірін ұғынған жастарға зор алғысын білдіріп, өнерпаздар мен оқырмандарына "Алтын зер" атты жыр жинағын сыйға тартты.