Биыл жалпыға бірдей декларация тапсырудың екінші кезеңі басталды. Бұл ретте мемлекеттік мекеме және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары кіріс пен мүлік туралы есеп беруге міндетті. Бұл шарт елімізде көлеңкелі экономика, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, салықтық түсімдерді арттыру мақсатында 2021 жылы енгізілген болатын.
Екінші кезең бойынша ақпараттық насихат жұмыстарымен Маңғыстау облысы және Жаңаөзен қаласы мемлекеттік кірістер департаменті мамандары “ӨзенМұнайСервис" ЖШС қызметкерлеріне жиын өткізді. Мұнда олар декларацияны тапсыру мерзімі, түрлері, жолдары, тіркеуге тиіс кіріс пен мүліктер туралы толық ақпарат айтып, қатысушылар сұрақтарына жауап берді.
Алғашқы декларацияда шетелдегі, Қазақстандағы, сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша мәліметтер көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар айлық есептік көрсеткіштің 10 мың еселенген мөлшерінен аспайтын жинақ көрсетіледі. Ал жеке тұлғаның қолма-қол ақшасы ол сомадан артық болса, онда оны банктік есепшотқа салып қою қажет. Заң бойынша декларация тапсырудың екі мерзімі, яғни қағаз жүзінде осы жылдың 15 шілдесі, электронды форматта 15 қыркүйекке дейін белгіленген.
Уақытында тапсырылмаған жағдайда, болмаса толық емес, анық емес мәліметтерді ұсыну орын алса ескерту беріледі. Бір жыл ішінде бұл жағдай қайталанса, айыппұл салынады. Декларация электронды құжатпен cabinet.salyk.kz, egov.kz немесе eSalyq azamat мобильді қосымшасы арқылы жіберуге болады. Ал қағазбен салық органына, ХҚКО-ға немесе поштаға бару керек.
Жалпыға бірдей декларация тапсырудың бастапқы сатысында барлығы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 формасы) толтырып тапсырады. Артынан жыл сайын кіріс пен мүлік туралы декларацияны (270.00 формасы) ұсынып отырады.
Жаңаөзен қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы орынбасары Әнуар Жалғасбаев ақпараттық хабарландыру жұмыстары бір ғана жиынмен тоқтап қалмайтынын айтты. Жұмыс тобы ЖШС-ға әр аптаның жұма күні насихат шараларын өткізеді.