«ЖЕТІ ҚАДАМ» МОДУЛЬДІК БАҒДАРЛАМАСЫ: «ӨЗЕНМҰНАЙСЕРВИС»-ТІҢ ҮЗДІК ЖАСТАРЫ ҚАТЫСТЫ
«Самрұқ-Қазына» қорының ұйымдастыруымен өтетін жас көшбасшыларды дамытуға арналған «Жеті Қадам» модульдік бағдарламасының екінші легі сәтті аяқталды.
Жастар саясатын қолдау шеңберінде жүзеге асырылған бағдарлама қордағы үздік жас мамандардың көшбасшылық қабілеттерін шыңдау, білікті жастардың жаңа толқынын даярлау мақсатында ұйымдастырылды.
Кеңірек айтып өтсек, бағдарлама аясында жастарға басқару және командамен жұмыс, коммуникация орнату дағдылары және бюджеттік жоспарлау негіздері үйретілді.
Жобаға қатысуға 1300-ден астам жас өтінім білдірген. Екі кезеңнен тұратын іріктеуден үздік 50 жас маман жобаға қабылданды. «ҚазМұнайГаз» АҚ-ына еншілес мекемелерден барлығы 9 қатысушы өтсе, солардың қатарында
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС жас мамандары Нурлан Кокушев пен Мұрат Бегенішов бар.
5 айға созылған «Жеті Қадам» модульдік бағдарламасының екінші легі бойынша қатысушылар қорытынды кезеңде өз авторлық жобаларын дайындап, байқау комиссиясының алдында қорғап шықты.
«Самрұқ-Қазына» АҚ-ның Корпоративті басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директор Ғибрат Ауғанов қатысушылардың жұмысына баға беріп, бағдарламаны аяқтағанын растайтын сертификаттар табыстады.