20 қазан күні «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мамандарына арналған тренинг өткізілді. «Ұжымдастар арасындағы тиімді қарым-қатынас» тақырыбында өткізілген жиын серіктестік қабырғасындағы қызметкерлердің бірлігін нығайту және ұжымдық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізіліп отыр.
Тренингте қатысушыларға тығырықтан шығуға дайындық ретінде түрлі жаттығулар жасатылып, ситуациялық жағдайларды шешуге бағытталған ойындар ойнатылды. Қызметкерлердің ой-өріс деңгейін байқау үшін бірқатар логикалық тапсырмалар беріліп, мамандардың шапшаңдығы бағаланды. Қызметкерлер бірде үлкен шеңбер құрып сынға алынса, енді бірде топқа бөлініп қойылған міндеттемелерді орындады. Тренинг барысында қатысушылардың ептілігі мен қырағылығы, мұқияттылығы мен байқампаздығы бақылауға алынса, топ мүшелерінің бойындағы ұйымдастырушылық, әріптестерге деген сыйластық, ұжымдағы бірлікті бағалау қабілеттері қадағаланды.
«ӨзенМұнайСервис» ЖШ серіктестігі мамандарына арналған тренингті «Абрис» тренинг орталығы жүргізуде. Аталмыш тренинг 20-24 қазан аралығында өткізіледі. 5 күнге жоспарланған жиынға 25 адамнан 5 топ қатысады.