22 қараша күні "ӨзенМұнайГаз" АҚ Жас Мамандарының ұйымдастыруымен "Жігіт сұлтаны-2017" байқауы өтті. Елбасының "Болашаққа бағдар: Руxани жаңғыру" бағдарламасымен сабақтасқан өнер сайысына мұнай өндірісінде еңбек етіп жүрген жас қызметкерлер қатысты.
Байқауда мамандардың кәсіби шеберлігінен бөлек білім-білігі мен өнері сараланды. "ӨзенМұнайГаз" АҚ-на қарасты және мердігер мекемелердің арасында өткен байқау 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде әр үміткер өздерін, қызметін, мекемесін таныстырса, екінші кезеңде өз өнерлерін ортаға салды. Ал, үшінші кезеңде қатысушылар берілген ситуациялық сұрақтарға жауап беріп, төртінші "Серке көтеру" кезеңі бойынша күштерін сынады.
Нәтижесінде, байқаудың бас жүлдесі #3 Мұнай және газ өндіру басқармасының маманы Берік Қорғанбаевқа бұйырса, І орынды "ОРГ СНАБ" НПК мекемесінің қызметкері Серікбай Балтабаев жеңіп алды. ІІ орынға "ӨзенМұнайСервис" ЖШС атынан қатысқан Дәулет Нөкеров лайық деп танылса, ІІІ орынды "ӨзенМұнайГаз" АҚ аппарат басқармасынан келген Ерлан Тағаев қанжығасына байлады.
Өнер додасында бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінген барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!
Сонымен қатар, аталмыш байқауда "ӨзенМұнайСервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің намысын қорғаған әлеуметтік саясат және шаруашылықпен қамту бөлімінің инженері Дәулет Нөкеровті жеңісімен құттықтай отырып, алдағы уақытта қызметте де, өнерде де толағай табыстар тілейміз. "ӨзенМұнайСервис" серіктестігі ұжымы атынан Дәулет Нөкеровке зор алғыс білдіреміз.