«Өзенмұнайсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2026 жылғы наурыз айының өндірістік және ұйымдастырушылық қызметінің қорытындысы бойынша кеңейтілген жиын өткізілді. Аталған жиынға құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен өндірістік бригадалардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында Серіктестіктің бас директоры Шырақбаев Дамир Әлібекұлы өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелері серіктестік қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік тәуекелдердің алдын алу және бақылау жүйелерінің тиімділігін арттыру қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Кеңес аясында ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижелері, өндірістік қауіпсіздік деңгейі, бос тұрыстарды қысқарту, жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру және негізгі өндірістік көрсеткіштердің орындалу барысы жан-жақты қаралды.
Сонымен қатар, тиімсіз жұмыстар, оның ішінде тасталған ұңғымалар бойынша жүргізілген талдау нәтижелері тыңдалды. Жыл басынан бері тұрақты тасталған ұңғымалар саны 8 бірлікті құрады.
Ай қорытындысы бойынша жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізген ӨМС-40 бригадасы марапатталып, олардың кәсіби қызметіне жоғары баға берілді.
Жиын барысында цифрландыру және жасанды интеллект бағытындағы жобалар таныстырылып, «TUMAR» бағдарламасы шеңберінде қызметкерлерге тиісті ақпарат ұсынылды.
Жиын қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар бекітіліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді. Сонымен қатар тасталған ұңғымалар бойынша талдау жұмыстарын күшейту және жыл басынан тіркелген жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында қосымша іс-шараларды іске асыру тапсырылды.
![]()