
Қыркүйек айының алғашқы аптасында «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен цехтар арасында футболдан турнир өткізілген болатын.
Ойын нәтижесі бойынша І орынды №1 цехтың атынан шыққан футбол командасы жеңіп алса, ІІ орынға әкімшілік басқарма намысын қорғаған футбол командасы табан тіреді. Ал, ойынның үшінші орынын №2 цех футбол командасы командасы иемденді.
Серіктестік қабырғасындағы цехтар арасында өткізілген футбол турнирінде үздік деп табылған ойыншылар команда болып топтасып, Жаңаөзен қаласындағы мұнай мекемелері арасында өткізілген «ӨзенМұнайСервис» кубогіне қатысты.
Қалалық турнир скважиналарды күрделі жөндеуге 45 жыл толуына орай қыркүйек айының 11-15 күндері аралығында өткізілді.
Спорттық шарада 11 команда бақ сынасты.
Бір апта көлемінде өткізілген тартысты бәсекеде «Бұрғылау» ЖШС-ның футбол командасы топ жарды. «ӨзенМұнайСервис» серіктестігінің футбол командасы турнирдің ІІ орынын қанжығасына байласа, ІІІ орынды №1 МГӨ басқармасының футбол командасы жеңіп алды.
Жеңімпаздар 28 қыркүйек күні «Өндірістік базада» скважиналарды күрделі жөндеуге 45 жыл толуына орай өтетін мерекелік шарада диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталатын болады.
Шара кезінде ұйымдастырушы «ӨзенМұнайСервис» ЖШС сайыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, толықтай демеушілік етті.