
Негізгі пәндер бойынша кабинеттер, бастауыш сыныптары, технологиялық шеберханалар, сондай-ақ химия, физика және биология пәндеріне арналған цифрлы зертханалар жаңғыртылды.
Оған қоса, түрлі үйірмелерді жүргізуге жағдай жасалды. Үш тірек мектепте робот техникасы кабинеттері, STEM-зертханалар, арт және телестудиялар, сондай-ақ оқушыларға арналған демалыс орындары ашылды. Бұл мектептерде 3,5 мыңнан астам оқушы білім алады, ал ұжымда 380 педагог қызмет етеді.
Таушық, Жетібай және Рахат ауылдарындағы мектептерге жергілікті тұрғындар, мұнай-газ саласының ардагерлері мен ҚМГ өкілдері арнайы келді.
— «ҚазМұнайГаз» «Отпан» жобасына белсенді қатысып, өңірдің шалғай ауылдарында білім беруді дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуде. Оқу орындарын жаңғырту оқушылардың заманауи технологиялар мен қосымша білім беру мүмкіндіктеріне қол жеткізуіне жол ашады. Жалпы, ҚМГ қызметін жүргізетін өңірлерде әлеуметтік жобаларды тұрақты негізде іске асырып келеді», — деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов.
Таушық ауылының тумасы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының тұңғыш президенті Ләззат Қиыновтың ата-анасы осы мектепте мұғалім болып еңбек еткен. Ардагер мұнайшы өз кезегінде мұндай бастамалардың, әсіресе ауылдық жерлерде білім беру инфрақұрылымын дамытудың маңызын атап өтті.
— Білім — қоғам дамуының кепілі. «Отпан» жобасы арқылы ауыл балаларының оқу жағдайы қаншалықты жақсарып жатқанын көргеніме қуаныштымын. Мұндай бастамалар арқылы балаларымыздың жарқын болашағына жол ашатынымызға сенімдімін, — деді мұнай-газ саласының ардагері Л.Қиынов.