Успанова Алтынай Орынбайқызы – «Машат-Арасан» емдеу-сауықтыру лагері қоғамдық тамақтандыру жетекшісі
«Машат-Арасан» емдеу-сауықтыру лагерінде жұмыс жасап жүргеніме биыл 2 жыл болды - дейді, «Машат-Арасан» емдеу-сауықтыру лагері қоғамдық тамақтандыру жетекшісі Алтынай Орынбайқызы.
- Көпшілік үшін ас даярлау маған таңсық емес. Осыған дейін өндрістік компанияның қызметкерлеріне арнап ас дайындайтынмын. Қазіргі уақытта балалармен жұмыс жасайтындықтан өте қызықты, әйтсе де үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Балалар – біздің өміріміздің гүлі» демекші, сауықтыру орнынан келгендіктен, ең алдымен ішер асына үлкен мән береміз. Балалардың тамағы тоқ болса, олардың көңіл күйі көтеріңкі, ұйқысы тыныш, кез келген істе белсенді болады деген ойдамын.
Алтынай Орынбайқызы және оның көмекшісі балаларға түскі ас әзірлеп жатыр
Балаларға ас дайындауда тамақ даярлау технологиясының барлық талаптары мен қауіпсіздік шараларын басшылыққа аламыз. Жаз мезгілінде балаларға жеуге тыйым салынған азықтардан бас тартып, балалар ағзасына қажетті дәруменге бай азық түрлерін көптеп қолданамыз. Әр лег басталмастан бұрын 14 күнге арнайы мәзір жасақталады. Күнделікті балаларға бес мезгіл тамақ беріледі. Мәзір тікелей аспаздар мен сауықтыру орталығының басшылығымен кеңесе отырып құрылып, Денсаулық сақтау министрлігінің Түлкібас аудандық департаментінің келісімімен бекітіледі. Мысалы, биылғы жазда балалар үшін қуырылған тамақ түрлерін және шұжық өнімдерін қолдануға мүлдем тыйым салынды.
Түскі ас. «Машат-Арасан» емдеу-сауықтыру лагері асханасы
Мен өзім кәсіби аспаз болғандықтан біздің ассханамызға келетін өнімнің сапасына ерекше ден қоямын. Өнімнің құрамы, жарамдылық мерзімі, қолдану нұсқаулығы барлық аспаздардың жадында. «Машат-Арасан» сауықтыру орталығы мен «Магнум» сауда орталығының арасында келісім-шарт жасақталған. Қазіргі таңда сауықтыру орталығына демалып жатқан барлық балаларға осы орталықтан әкелінген азық-түліктермен ас даярлаймыз. Ірі орталықтың бірі болғандықтан ондағы барлық азық түрлері қауіпсіз, сақтау мерзіміне сай және сапалы болып келеді. Әкімшілігі де күнделікті жүктеу және жеткізу кезеңдерінде тиісті қадағалаудан өткізіп отырады. Ұзақ сақталатын өнімдер аптасына бір рет, құрамы тез өзгеріске түсетін өнімдер күнделікті жеткізіліп отырады. Тамақтандыруға қатысты сертификаттар мен декларацияланған өзге де құжаттарымыз бар. Ет өнімдеріне қатысты ылғи экологиялық таза өнімді таңдап, оның сақталуына және қолданылуына байланысты барлық шараларды толықтай орындаймыз. Біздің орталыққа ет өнімдері жергілікті шаруашылықтан әкелінеді. Ветеринарлық карточкасы, сапа сертификаты бар. Тексеруге құқылы тиісті мекемелерде келіп жиі бақылаудан өткізіп отырады. Қазіргі таңда бес кәсіби аспаздарымыз жұмыс жасауда. Барлығы да өз ісінің шеберлері.
Сауықтыру орталығында балаларға бес мезгіл тамақ беріледі. Ыстық тамақтардан бөлек, түрлі салаттар, жеміс-жидек, көкөністер мен табиғи сусындар, сүт өнімдері беріледі.
Успанова Алтынай Орынбайқызы – «Машат-Арасан» емдеу-сауықтыру лагері қоғамдық тамақтандыру жетекшісі.