Өткен аптада Ақтау қаласындағы Достық үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы, «Туған жер» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысы бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өткізілді.
Халықты, бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлерді ынталандыру, азаматтардың белсенділігінің үздік тәжірибесін тарату, қайырымдылық қызмет, меценаттық пен мейірбандық идеяларын нсихаттау, көпшілікке үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған шарада марапатқа ие болғандар қатарында екі жаңаөзендік бар.
Салтанатты рәсімде спорт саласы бойынша Рахат ауылы тұрғындарының игілігі үшін есігін айқара ашқан «Jaqsy» физикалық сауықтыру кешенінің негізін қалаушы Нұржан Едилов «Туған өлке» номинациясымен марапатталса, «ӨзенМұнайСервис» ЖШ серіктестігінің жас маманы Орынбасар Сейдов волонтерлік қызметтерге белсенді қатысқаны үшін «Ерен еріктілігі» номинациясын иемденген. Әріптесімізді кезекті жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз!